Назарларыңызды маңызды мәселеге аударғым келеді!
Оқушылардың сабақтарға қатысуы және олардың сабақ үлгерімі үнемі мектептің бақылауында болуы бәріміз үшін қалыпты жағдай. Бұл тұста қандай да бір жаңашылдық жоқ. Бірақ бүгінгі санитарлық ахуал ескеріліп, қашықтан және дәстүрлі форматта білім беру жалғасып жатқан уақытта бұл мәселе өзектене түсті.
Құрметті мектеп директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары!
Ата-аналар балаларының сабаққа қатысуы мен сабақ үлгерімі туралы үнемі хабардар болып отыруы керек!!! Бұл өте маңызды.
Өйткені ата-аналары жұмыстарында, ал балалар өздерінің жас ерекшеліктері мен қандай да бір басқа себептерге байланысты сабаққа қатыспағаны немесе оқудағы үлгерімі туралы ата-аналарына айта бермейді.
Әдетте пандемияға дейінгі қалыпты жағдайда сынып жетекшілері, мектеп әкімшілігі оқушылардың оқу үлгерімі, сабаққа дайындығы әрі қатысуы туралы ата-аналармен үнемі байланыста болатын. Ата-аналар өз кезегінде мектептің ақпараты негізінде балаларымен тиісті жұмыс жүргізетін. Бұл да қалыпты жағдай еді.
Егер ата-аналардың балалармен жүргізген жұмысы нәтижесіз болса, яғни бала сабақтан қала берсе, үй тапсырмаларын орындамаса, мектеп мәселені басқа деңгейде көтеріп, оның қайткен күнде шешілу жолдарын қарастыратын.
Қазіргі күні де оқушылардың сабаққа қатысуы мен оқу үлгеріміне мектеп әкімшілігі бей-жай қарамай, бұл мәселені өз бақылауында ұстағаны жөн. Мектеп нақты оқу бағдарламалары бойынша әр баланың сапалы білім алуына жауапты.
Баланың оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуына байланысты жағдай ушығып, оқу орны мен ата-ана деңгейінде өз шешімін таппаса, мәселені әкімдік жанындағы кәмелет жасқа толмағандардың ісі жөніндегі комиссиялар қарастыруы керек. Қажет болған жағдайда, жауапкершілікке тарту да қарастырылуы мүмкін. Өйткені баланың білім алуына жауапкершілік заңмен қарастырылған.
Карантиндік шектеу шаралары кезінде бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? Балалар сабақтарға қашықтан қатысып жатқаны мектеп бақылауында ма?
Еліміздің мектептерінде 3,4 миллионнан астам оқушы бар. Қазіргі таңда олар әр өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына байланысты дәстүрлі немесе қашықтан білім алып жатыр.
Тағы бір айта кететін мәселе - қажет болғанда, оқушылар бір мектептен екінші мектепке белгіленген тәртіппен ауыса алады. Оның тәртібі де нормативтік құжаттарда анықталған.
Егер ата-ана баласын басқа мектепке ауыстырғысы келсе, алдымен себебін көрсете отырып, өтініш жазады. Өтінішпен бірге оқушының ауысып баратын мектебінен тиісті анықтама алып, оны қазір оқып жатқан мектебіне тапсырады. Бұл қызмет электрондық және қағаз форматта көрсетіледі. Тек осы жағдайда ғана оқушының жеке ісі ата-ананың қолына беріледі. Баланың жеке ісімен бірге мектеп оның білім беру мекемесінен кетуі туралы анықтаманы ауысып жатқан мектепке тапсыруы үшін ата-анасына ұсынады. Бұл қызмет те электрондық және қағаз форматта көрсетіледі.
Бала мектептен мектепке ауысуы бойынша анықтамалар негізінде жаңа мектебіне бармаса, екі тарап та «дабыл қағуы» тиіс, келмеу себептерін анықтау үшін ата-анамен жұмыс жүргізуі қажет. Іс жүзінде мұндай жағдайлар болмауы керек. Бұл норма «Білім туралы» Заң қабылданған уақыттан бері, яғни 1992 жылдан бері қолданылып келеді.
Ата Заңымызға сәйкес қазақстандық әрбір оқушы орта білімді тегін алуға құқылы. Баланың осы құқығы іске асырылуын Білім және ғылым министрлігінің бекіткен нормативтік құжаттары мектеп тарапынан толық қадағалауға мүмкіндік береді. Білім беру ұйымдары осы нормалар бойынша көп жылдар бойы жұмыс істеп келеді.
Тағы бір мәселе. Егер балалар ата-аналарымен, не заңды өкілдерімен бірге шетелге көшкен жағдайда, мұны растайтын тиісті құжаттарды оқу орнына ұсынады. Мектеп бұл жағдайда қай мектепке ауысатыны жөніндегі анықтамасыз баланың құжаттарын ата-анасының қолына береді.
Қазіргі күні балалардың сабаққа қатысуы электрондық күнделікте көрініп тұрады. Оқушылардың бір мектептен екіншісіне ауысуын Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы да бақылап отыруға болады.
Бұйрықтар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің іс жүзінде орындалуы, олардың дұрыс қолданылуы көкейде жүрген тағы бір маңызды мәселелердің бірі. Директорлар балалардың білім алу құқықтарының сақталуын, мектептегі оқу процесінің ұйымдастырылу тәртібін бақылауға міндетті.
Кәмелет жасына толмаған балалардың ата-аналары, не заңды өкілдері оқушылардың қашықтан немесе дәстүрлі түрде сабаққа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл норма ҚР «Білім туралы» Заңының 49-бабы 2-тармағы, 4-тармақшасында анықталған және заңның алғаш қабылданған кезінен қолданылып келеді.